23.05.2022
  94


Автор: Мұрат Шаймаран

Диуананың өлімі

Өлді ақыры...
Өліп тынды бір түні,
Мəңгілікке кетті айқасып кірпігі.
Аузы асқа жарымаған сорлының
Езуінде қалды табы күлкінің.
Байшыкеш – күн, саған тіккен бəсі анық
Секілді бір жатты дене аш, арық.
Салқын жанар жайқын ғарыш төсіне,
Қарап ұзақ қасарып...
Алдан жұмақ тосады һəм гүл қыздар,
«Аймаламас» енді жүзін түнгі ызғар.
Езуінде қалды табы күлкінің,
Оның сырын біледі тек жұлдыздар.
Оны тағы білер біреу – жүрегі,
(Жүрегі боп жайын ұққан кім оның?!)
Оны тағы есігінде тот басқан,
Қара құлпы біледі.
Еріп жүрген етегіне пенденің,
Айтар дейсің сумаң етіп жел нені?
Біледі оны!..
Біледі оны соңғы рет,
Шарап құйып ішкен кесе ернеуі.
Тайқы маңдай болды талақ көп сидан,
Тағдырына оның даңқы жоқ сиған.
Біледі оны жəне туған аспаны –
Азу тісі ақсиған...
Ақыреттік орын сайлап жотадан,
Жерлеуге біз алып шықтық, (жеті адам).
Риза боп жатты жап-жас топырақ,
Езудегі күлкіге ұқсап, о, тоба..!





Пікір жазу