23.05.2022
  172


Автор: Мұрат Шаймаран

Шығыс ертегісі

Даңқты патшалық, даңсалы сарайлар,
Миуалы иранбақ, күмбездер көк айдар,
Белдерде жалтылдап жүретін берендер,
Қылықты канизак, ибалы малайлар.
Тылсымат оқулар, тым күшті пайымдар,
Жасалған ерліктер,
Жасамыс уайымдар.
Мəйхана төрінде масаңдау отырар
Мұңды бір ғазалға ғарых боп шайырлар.
Рубабтың саздары рухыңды желпіген,
Қанды көз қаршыға қанатын серпіген.
Оңаша бөлмеде жатады ханзада,
Заурені сарғайып ғашықтық дертінен.
Сабырын тауысып,
Санасын сағым қып,
Шаһарлар: ем іздеп сандалған қауым жұрт.
Əлдебір кемпірдің киелі демімен,
Титімдей құс болып келетін қалыңдық...
О, менің шығысым – əсерлі шырайлым,
Аңыздай айтылып тұратын күн-айы.
Есімді білгеннен ертегіңді емдім мен,
Еліктеп келдім мен елесіңе ұдайы.
Сен жақтан атпаған таң бүгін – қара таң,
Өзімде мекен бар, сөзімде жоқ отан.
Түсімде самұрық мініп ап, (о, Тəңір!)
Күн туар тұстарға зымырап баратам.
Жаза алмай еш дұға жанымның жарасын,
Айналып ұшамын бостандық моласын.
Дəуірдің мен де бір дəруіші сияқты,
Жалғаған шындық пен қиялдың арасын...





Пікір жазу