23.05.2022
  122


Автор: Мұрат Шаймаран

Сен жұмақтың аңсайсың

Сен жұмақты аңсайсың –
Таңғы түстей бір шырын.
Хор қызының жамалын:
Қолаң шашын,
Кірпігін,
Жəне қайың балтырын,
Əсем жырмен əспеттеп,
Өтсе екен деп əр түнім.
Алтын тостағандармен,
Шарап ішіп мастанып,
Мамық төсеніштерде,
Жасыл жастық жастанып;
Табы өшкіндеп кейістің,
Жатсам дейсің балбырап,
Лебі шарпып бейіштің...
Батты ма қыл арқаны,
Фəнидегі азаптың.
Батпан жүгі тұрмыстың,
Қыр арқаңды қажап мың?!
Айы өтті ме зарықтың,
Өлім жайлы ойланта,
Бастады ма тамұқ – күн?!
Жанардағы теңізге,
Қабағымнан түн құлап.
Мен махшардың күніндей,
Отырамын тұнжырап.
Жəннат əлем,
Сырлы бақ!
Өзіңді армандаймын да,
Тозақ барам мен бірақ.
Əміріндей тəңірдің,
О, ұлы заң,
Ескі заң!
Жібер мені тозаққа,
Болмаса да еш күнəм.
Жанар отқа сұрапыл
Керек шығар тағы да,
Өр көкірек бір ақын?
Жібер мені тозаққа!
Пəрменіңді тұп-тұнық –
Бере алмағаным үшін де,
Пенделерге ұқтырып.
...Соза алмадым қол үшін
Ұйықтап жатқан ғаріпке.
Жібер мені сол үшін...





Пікір жазу