Ұлым, сенің іңгәлаған дауысың...
Өтсін айлар, өтсін жылдар ауысып,
Енді менің ажалменен жоқ ісім.
Ғаламдағы дауыстардың ұлысы –
Ұлым, сенің іңгəлаған дауысың!
Сүйіншіңе жазам əлі мың өлең,
(Мен деген бір адал, аппақ жүрек ем).
О, тəңірім, ол да кемдік етсе егер,
Өзімді де шашып-шашып жіберем.
Сен келер деп қанша күттім өмірге,
Болат – төзім бордай болды тегінде.
Күннен нұрлы менің темір қазығым,
Күлімсіреп тұрып алды көгімде.
Жаралдың ба əкең ынтық алаудан,
Ең бір тұнық сəулелерден таралған.
Мен шығыстың шайырындаймын дəл бүгін,
Əбілхаят суын ішіп оралған...
Сенсіз өмір өн-бойында қайда мəн,
Сенсіз анаң таңдайында қайдағы əн?
Жарық жаһан тағдырын да,
Мен сені,
Бауырыма басып тұрып ойланам.
Менің асқақ, менің мөлдір ғұмырым,
(Кешіре гөр, есалаңның бірімін).
Арқалыққа асылып ап əр түні,
Бесік жырын өзім айтам, құлыным.
Қыдыртамын қиялдардың көп елін,
Ханзаданың алтын тағын, беренін;
Аққу мүсін ару қыздар жайында,
Əдемілеп əңгімелеп беремін...
Сосын, ұйықта!
Жатыр ұйықтап ұлы өлкең,
Əрбір сəтін бағып соның күнелтем.
Менің қайғым – сенің киіз кітабың,
Есен болсаң оқырсың-ау күні ертең.
Сенің даусың – дауыстардың ұлысы...