23.05.2022
  130


Автор: Мұрат Шаймаран

Жалаңаш әйелдің суреті алдында

Əлемдегі сұлу бояу – бұл бояу,
Менің ынтызарлығымдай түнде ояу.
Омырауда тұрған кілкіп бір сəуле
Кеудедегі кіп-кішкентай күндей-ау.
Қандай ғажап кіндігінің шұқыры,
Секілді бір сырлы сөйлем үтірі.
Паң тірліктің тəкəппарлау жарығы,
Кететіндей сол үңгірге жұтылып.
Жайқын бөксе – жұлдыз жанып,
ай туған,
Бейне грек аңызында айтылған.
Бермейді жол жай бір қарап өтуге,
Бермейді жол ойсыз-мұңсыз қайтуға.
Балғын тəні аршылып бар күнəдан,
Кір ғаламның саусағынан тұр аман.
Ақ балтыры арбап сан мың жанарды,
Құсжолындай кеңістіктен құлаған...
Ең бір мөлдір, ең бір ұлы тұлғадан,
Нені іздеді құдіретті қыл қалам?!
Хауа Ананың нəпсіден пəк кезі ме,
Гүлзарынан Тəңірінің қол бұлғаған?!
Көркіменен көзін жаулар кісінің,
Əлде Париж сұлуының мүсіні?!
Сол жалаңаш əйел суреті алдында,
Баратқандай адам біткен кішіріп.
Бар еркімді алды менің кім ұрлап...
Мифтерден жеткен əсер буынды ап.
«Бостандықтың періштесі бұл өзі», –
деді біреу құлағыма сыбырлап.
Мезгіл улы қадаған көп сұғын да,
Қанша бояу кетті айналып шығынға?!


«Болса болар, жатыр екен, – дедім мен, –
Қасіреттің табы қарашығында...»





Пікір жазу