23.05.2022
  161


Автор: Мұрат Шаймаран

Бір ұлы музыка әуенін

Жаралы жанымның табардай сол емін,
Аңсаймын бір ұлы музыка əуенін.
«Көгілдір дунай» ма,
«Мəскеудің кеші» ме,
Ашатын алдымнан əсемдік əлемін?!
Шопенге шөлдедім, Бетховен сырласым,
Моцарттың үнімен ер түрік жырласын!
Байырғы Мадрид көшесі бойынан,
«Испандық бойжеткен» қолдарын бұлғасын.
Жалтылдап алыстан желкендей көрініп,
Жанымды баурайды қашан да көп үміт.
Чайковскийге мың алғыс айтамын,
«Аққулар көліне» қайтқанда шомылып.
Мөп-мөлдір маржаным шашылып уыстан,
Айбынды күндерім айдыннан жылысқан.
Шақтарда,
Мүлгіген бақтарда,
Отырам мекен ап сыңғырлы дыбыстан.
Рухымды көтерем алау ғып, аспан ғып,
Жасындай үнімнен жасқанып қашқан бұлт.
Сен мені жебей гөр!
Киелі дыбыстар,
Киелі дыбыстар – киелі бостандық.
Сен мені жетеле жап-жасыл жұмаққа,
Қалайын сол жерде мəңгілік тұрақтап.
Əуез боп ғарыштан сорғалап келейін,
Жып-жылы жүрекке, ынтызар құлаққа...
Көзімді арбаған көркемдік жамалы,
(кешіргін ақынды көңілі жоғары).
Кетер ем жыраққа
мен сені қимаймын,
Мұңды саз кернеген, домбырам шанағы.
Қайғысыз ғаламның төгіліп шуағы,
Сазыңа билейді желбіреп күн əлі.
Мен басқан пернеден шашылған шаттыққа,
Көгілдір жер шары тербеліп тұрады.
Аңсаймын бір ұлы музыка əуенін...





Пікір жазу