Махамбетке
Ерлік жайлы ескерткішсің сен елге,
Һəм керексің өрлік үшін өлеңге!
Айбар тұтып сенің ұлы рухыңды
Ертең ұлым талпынады беренге.
Мен сенемін,
(сенім жоқ та, жоқпын мен,)
Жаңғырығып жасын даусы көк тілген –
Шығады ұлым, жарқ- жұрқ етіп жарағы,
Ереуілге, серке санды ат мініп.
О, Жайықтың перзенті, егейі,
Орып-орып тасыр тағдыр көмейін –
Дүркіреген тұлпарлардың жалында,
Жалындаған жырмен айтар ол ойын.
Жайық қандай болса мөлдір – мөлдірсің,
Жасқанады айбатыңнан зеңгір шың!
Менің мұңды жүрегімде жырың бар,
Жанарында жас ұланның сен жүрсің.
Желбіретіп жеңіс күндер желегін,
Мен сенемін, шеру тартып келеді.
Бостандықтың бодауына, əмандə,
Бас керек пе?
Оны да олар береді.
Запыран жұтқан зау заманды зар қысап,
Жұмақ күнді аңсайды кеп əр құшақ.
Домалайды сенің басыңдай болып,
Қызыл қаны қызыл арай таңға ұқсап.
Атар сосын сұлу бір таң – қыр таңы,
Сəулесімен сахараны жылытады.
«Ез тірліктен ер өлімі артық» деп,
Өмір сүрер еркіндіктің ұрпағы.
Ел бағынан өзге бақыт жоқ асқақ,
Аспан жүзін дауыл тұрып,
Сол ашпақ!
Батыр баба, мен ұлымның бесігін,
Отырамын жырыңменен аластап...