Көріктісің көзді арбаған
Көріктісің көзді арбаған, бүгін сен,
Жетер ме екем жел боп қуып, жүгірсем.
Ғашық болсам Мəжнүніңнің өзімін,
Түпсіздерге кетем құлап, түңілсем.
Жанарыңа салған ұя таң – арай,
Тағы, тағы тəкəппарсың, о, бəлі-ай.
Гете құсап кеңк-кеңк етіп жылармын,
Тобырлардың табасына қарамай.
Дəрдманд болып дертке жазған жыр ем бе,
Біржан болып байланам ба шідерге?
Маңдайымда бұйра шашым жалбырап,
Пушкинге ұқсап шығып өлем дуэльге!
Есалаңның ескі заңын түсінбе,
Түсін мейлі,
Дұғаңдай тұт ішіңнен.
Александрға алғыс айтам: өмірін
Əсемдікпен аяқтатқаны үшін де...
Гүл ерніңе қараймын да, тамсанам,
Мағжан сынды «сен сұлу» деп əн салам.
Қалай болса солай болсын əйтеуір,
Оқыс мінез байқатамын мен саған.
Басыма кеп баян тапқан бар қайғы,
Сені сүйдім, бағым, сірə, жанбайды.
Қос бұрымың – мен асылып тұратын,
Қара жіптен аумайды.
Махаббаттың бар маңызын ұқтырып,
Əрбір мұңды кірпігіме шық тұнып.
Мен кетермін, қалар жүзімде тамшы жас –
Ып- ыстық боп əрі сондай сұп-суық.
Көріктісің көзді арбаған, бүгін сен,
Жетер ме екем жел боп қуып жүгірсем.
Ғашық болсам Мəжнүніңнің өзімін,
Түпсіздерге кетем құлап, түңілсем.