23.05.2022
  113


Автор: Мұрат Шаймаран

Қысқы қонағасы

Құйдың шарап,
Асыл тағам...
(түсінем),
Менің ең бір жампоз, жақын кісім ең.
Отыр жарың миығында күлкісі,
Кесе əперіп саусағының ұшымен.
Тамашалап əйнегіңнің бедерін,
Салады қыс сəнді сурет, көр өңін!
Табиғаттай ақынмын мен, өзім де,
Не қаласам, соны сызып беремін.
Қаңтарымның қатал түнін бөлісіп,
Көп сөйледің, менің сөзбен жоқ ісім.
Отырдым тек уыз ернін жарыңның,
Жанарыммен жеп-ішіп.
Желбуаз сөз жаулап болған осы елді,
Кешір мені, кешір, кешір, дос, енді!
Адамдардың лебізінен лепірген,
Сұлулардың аққу мойны əсерлі...
Жалықтың ба менің үнсіз қалпымнан,
Жансыз жартас секілді ме бар тұлғам?
Терезеңе жел жабысып жылайды,
Мұңды сырнай дауысындай тартылған.
Мəңгілік түн.
Атар емес таң əлі,
Мың құбылған жұлдыздардың жамалы.
Жырақтарда жарық барын дəлелдеп
Тұрғандайын құс жолының жолағы.
Сəулелерді сүйем, тағы мен отпен
тағдырласпын,
Жетер қанат жоқ əттең!
...Сенің маңғаз ойларыңды ойран қып,
Өз қоразың айқай салды кенеттен.
Кетті дауыс зəу биікке шарқ ұрған,
(Ұлы сөздер керек болса, ал, тыңда!)
Дей бердің сен, бордай болып бозарып,
«Жақсылықтың нышаны емес, антұрған!»
Естігендей бұл ғаламда жоқ үнді,
Түсті кесең, быт-шыт болып шағылды.
Маржандайын шашыраған шараптар,
Əр түкпірде алау-жалау жағылды.
Бар қимылды бағып тұрған кез бүгін,
Пенде біткен жүр көтеріп өз күнін.
Шықтың сосын сен есіктен атылып,
Жалт-жұлт етіп қолыңдағы кездігің.
Қандай тылсым еді мынау түнгі шақ?!
Қар үстінде қалды бейнең жын құсап.
Өңіріңді қаны бояп қораздың,
Аяз алып кірдің қайта бір құшақ.
Сүтпен сіңген талғамың ба бұл сенің,
Ырым етіп жасап берді кім соны?!
Жарың менің құшағыма тығылды,
Дір-дір етіп əдемі қос тірсегі.
Сол бір ескі айтылымнан беделді,
Уақытсыз шақырған өлді қораз,
(көп өлді)
...Тұрды жарың, қан сасыған қолыңа,
Ару қойнын ашқызбайды ол енді...
О, қораздар, қанаттарың бір аршын,
Азан үшін озандауға құмарсың.
Мерез түннің мезіреті мезі қып,
Таң ертерек атса деген шығарсың?!
О, қораздар, сені солай білемін;
Ашты айқайың аждаһаның жүрегін.


Тілгілейді һəм үрейге батырып,
(Таңды аңсағандарға жақын тым өлім.)
Тіл астында қалды сөзім мекендеп,
Қылша мойын мезгіл қалай көтермек?!
Тауық жылының перзентімін,
Ойлаймын,
Таң атпастан ояндым ба екен деп?





Пікір жазу