23.05.2022
91
Аңсаймын бір өлеңді
Дүркіреген тұлпардың жалындағы,
Аңсаймын бір өлеңді;
Текті дала тебіренген шағындағы,
Аңсаймын бір өлеңді;
Нұр ойнаған алдаспан жүзіндегі,
Аңсаймын бір өлеңді;
Шатырлаған найзағай ізіндегі,
Аңсаймын бір өлеңді;
Зау биікке ұшқан сақ жебесіндей,
Аңсаймын бір өлеңді;
Ғарыштағы бостандық елесіндей,
Аңсаймын бір өлеңді;
Киіз болған кітаптар арасынан,
Аңсаймын бір өлеңді;
Жылдар салған жүректің жарасынан,
Аңсаймын бір өлеңді;
Қабағынан қаһарлы дала шытқан,
Аңсаймын бір өлеңді;
Қайғы жұтып, қан жапқан қарашықтан,
Аңсаймын бір өлеңді...
Жер сыбырлап, айтады аспан нені?!
Мен, əйтеуір, аңсаймын бір өлеңді,
Өрлікке бастар мені!