23.05.2022
  195


Автор: Мұрат Шаймаран

Қырдағы жылқы даусы

Қандай ғажап қара қостың жыртығы!
Жұлдыздары жанған жақын қыр түні.
Қандай ғажап үрей толы шатқалдан,
Үйір аңсап кісінеген жылқы үні!
Жатқан шұбап түтіндері ұзынға,
Ауыл біткен елітеді ғұзырға.
Сол бір дауыс – əрі мұңды, əрі ауыр,
Ойландырар айға жалғыздығын да.
Кім анықтап бере алады əр ізді,
Кім адақтап бере алады парызды?!
Сол бір дауыс менің көкірегіме
Сыналарын қағып жатқан тəрізді.
О, жануар, отпен ғана отасқан,
Талай ерді шыққан алып қапастан.
Бала кезім, айтқан маған қарт бабам
Жеттің бе сен ертегі мен эпостан.
О, жануар, қадіріңді кім білген,
Кімдер баптап, ереуілге кім мінген?!
Қапияда басы ұшқанда домалап,
Махамбеттен қалып қойған дүлдүл ме ең?!
О, жануар,
о, жетім жыр,
жырланбай,
Жанарыңда қан боп ұйып тұрғандай.
Сен де өтерсің қамшы салар қол аңсап,
Мен де өтермін тақым құрышым бір қанбай.
Уақыт сені жетегіне ап, жел мініп,
Сенің асқақ жігеріңді жер қылып,
Сен де өтерсің иесіз елеңдеуменен,
Мен де өтермін иендерге телміріп...
Бəрі қайғы жылқы мінез кісіге,
Кетті менің жүрегіме от,
ішіме от!
Төсегімде жатам ұйықтап, түсімде,
Жылқы болып жүрем сосын кісінеп...





Пікір жазу