Мен сені сүйемін
(Сергей Есенинге)
Сергей Есенин!
мəйхана төрінде кемсеңдеп,
қайғылы жыр оқып өзіңді,
улы бір шараппен көмсең де,
Мəскеудің тəкəппар көшесін,
шұлықсыз қыдыра берсең де,
заманның зар толы əуенін,
сен маған жетелеп келсең де,
өмірді ескілік деп ойлап,
жеңіңе асылып өлсең де,
мен сені сүйемін.
Сергей Есенин!
өзектен өріліп жатты өлең...
тағдырдан несібе – бір саған,
талақ боп даңқ пен бақ деген,
кетсең де таң алды оралмай,
қып-қызыл,
күп-күрең атпенен;
(Жан үшін жалтаңдап біреуге,
Табынбас талант... əттеген!)
Жел өкпе желінді қыздарға
Бөлсе де жылуын от денең,
Мен сені сүйемін.
Сергей Есенин!
Симайтын ғұмырсың ақылға.
Ғаламның ғаламат мұңы үшін,
сор кешкен ақынға,
бұл тірлік мақұл да...
Жоғалтып жеті жас күшігін,
сол иттің сен айтқан қалпында,
жаңғыртып Ресейдің даласын,
əлі ұлып жатыр ма?!
Менің де кеудемде бір ит бар,
уайымға шақырған...
Сергей Есенин!
білемін,
білемін,
білемін!
Сен барсың,
бар болса жыр елі.
Дауысың жаулайды əлемді,
есімің аңыз боп жүреді.
Арнаған жырыңды оқиды,
аруы Шираздың, түлегі...
Білемін,
ыңғай да осылай,
тұрмайды, өзгерер күн өңі...
мен сені сүйемін,
О, Сергей –
Орыстың жаралы жүрегі.