23.05.2022
  183


Автор: Мұрат Шаймаран

Жусан иісі

Алыс сапар азабына қарамай,
Ауыл жақтан келді маған нар ағай.
Аңғал-саңғал төріме кеп отырды,
Бұл недеген бақыт еді толағай!
Оған таңсық мынау қала – нəн қала,
Суық көзбен қарайды бір паңдана.
Көз алдымда олпы-солпы қарт диқан,
Еркіндігін жоғалтқан жоқ сонда да.
Күн деймін-ау мынау күйбең күнімді,
Тас көшеде көңіл талай сүрінді.
Үстіндегі жамау-жамау шекпеннен
Жусан иісі танауға кеп ұрылды.
...Ешбір иіс жаулай алған жоқ мені,
Баурай алмас арудың да от демі.
Исі қандай ғажап еді жусанның,
Исі қандай ғажап еді көктемгі!
Мезгіл ғой бұл дархан дала құлпырмақ,
Жібермейтін сиқыр сезім ырқына ап.
Кеудемдегі менің ащы мұңымдай,
Жусан иісі жатушы еді бұрқырап.
Бөрте дала, бөртіп жатқан мың сан қыр,
О, жарық күн, нұрыңды сеп,
Бусандыр!
Бабалардың қан мен тері төгілген,
Топырақтан өніп шыққан жусан бұл!
Бөрте дала, бөртіп жатқан мың сан қыр,
(Желге самал кеудемді ашып тұрсам бір)
Көп телмірген арайлы азат аспанға,
Топырақтан өніп шыққан жусан бұл!
Бөрте дала, бөртіп жатқан мың сан қыр,
(бала шақтың елестерін қусам бір).
Аманатын ақынына тапсырған
Топырақтан өніп шыққан жусан бұл!
Жусанды өлке: мөлдір аспан, қара аспан,
Тауы да асқақ, зары да асқақ, бəрі асқақ!
Менің ерлік ертегідей əлемім,
Менің еркін қиялыма жол ашқан...
Кездерім көп намыс өлген, бақ сынған,
Кездерім көп төтеп берген көп сынға.
Қоржын толы сарқытыңды қайтейін,
Бір түп жусан ала келген жоқсың ба?!
Əкелмедің?
Білем оны, жарады!
Жазып-жазып,
Айтып-айтып мен əлі –
Тастаймын да туған дала, дертіңді,
Мен өзім де жусан болып қаламын.
Ізде мені жаныңды шер басқанда,
Ізде мені көл аңсаған, қасқалдақ!
Жусан исі кеңсірігімді ашытып,
Жанарыңнан тұрар сенің жас парлап...





Пікір жазу