23.05.2022
  120


Автор: Мұрат Шаймаран

Хафизге шағыну

Құй, қанеки, сахи дос, мөлдіреген шараптан!
Мекенім менің – мəйхана, өзге жерім жоқ аттам.
Байлық үшін ішпеймін, ол итіңе не төлем?
Ең алғашқы кесені Хафизге арнап көтерем!
Бір меңіне арудың қос шаһарды атаған,
Бұл не деген жомарттық əлемдегі, о, тоба?!
Алабұртқан ақынның аңқылдаған жыры үшін,
Ақсағың да ер екен суырмаған қылышын...
«Қолыңдағы барыңды қолаң шашқа жайып сал!», –
деп тұрғандай болады шығыстық сол кəйіп шал.
Сан шаһарды берер ем сылқымдарға мен тегін,
Ол деген бір – арман ғой,
Ол деген бір – ертегі...
Жамау-жамау болса да шекпеніңнің өңірі,
Еліктейді бір саған тəкəппарлау өмірім.
Сұлуларға іңкəрмін қайың – балтыр, гүл – ерін,
Сол ерінде бояу боп тұрған менің жүрегім.
Кірпіктері – сұр жебе адырнадан ағылған,
Менің улы дертіме секілді ғой малынған.
Жаңа піскен қос алма, үзілердей өзегім,
Ақ мамықтай кеудеден шарап исін сеземін.
Қабақтары болғасын қиылған бір ай мүсін,
Мен нұрлы айды жырлаймын,
Жырлаймын һəм қайғысын.
Əсемдіктің əсері қуат беріп соңғы шақ,
Бақыт екен шайырға асқақ жүру сен құсап.
О, Хафизім, ардағым, табынатын аруағым!
Еркеліктің салмағын көтермейтін жолдамын.
Алабұртқан ақынның аңқылдаған жыры үшін,
Ақсағың да ер екен суырмаған қылышын...





Пікір жазу