23.05.2022
  108


Автор: Мұрат Шаймаран

Мен өлеңді көрдім

Мен өлеңді көрдім:
Жалған боп, жаһұт болып мың құбылып,
Қайқы қанжар кірпікте тұрды ілініп.
Көл сынды тұңғыйықтау көзден ерен,
Тұншығып өлем-ау деп безген емен.
Жанымның жақпарына жақтым жарық,
Өзімді сан айдынға аттым барып...
Баққандай тамұқ күнді, ғаріп тұсты,
Сол жаһұт жасқа айналып ағып түсті.
Берілген жүрегіммен сенімге ұлы,
Тостым мен жас – тамшыға ерінімді.
Сияқты ащы шарап қанды улаған,
Шөлімді қандырмаған...
Мен өлеңді көрдім:
Уа, жасын, сен оқыған əр дұғаңмен,
Дүркіреп оянғанда барлық əлем,
Қасиетті сертімен мəңгі берік,
Ніл болып жапыраққа тамды келіп.
Ашқарақ құшағымды толтыруға –
Кеттім мен асау өзен толқынында...
Мезгіл ме, əлде мен бе күнə басқан?!
Жер жатыр жылы қойнын тұманға ашқан.
Қалтырап қатал уақыт қабағынан,
Жапырақ үзілді де сабағынан,
Жел жұлып əкетті оны нəн ағаштан,
Мені де ала қашқан...
Мен өлеңді көрдім:
Кетердей кеудесіне құлап аспан,
Жапанда не жартаста қына басқан,
Бөрідей жанарына от жайған үдеп,
Тұрды ұлып тұмсығын айға білеп.
Зарлы əуен толғандырып ғарыш-көкті,
Сіңді де тылсым түнге алыс кетті.
Бақытын баянсыздың қанып ішпей,
Жол шектім иендерге дəруіштей.
Салқындау сəулелерін жамылшы ғып,
Қол жайды жұлдыздарға қайыршы – үміт.
Сол əуен қайта соққан секілденді,
Тұрды ұлып көкірегімде жетім бөрі...
Мен өлеңді көрдім:
Қалды артта орамалын бұлғап дəурен,
Аттандым арғымақпен қыр жаққа мен.
Ақшамда сақ-сақ етіп елес күлген,
Ешқашан тізгін тартқан емеспін мен.
Қақпайлап қараңғыны, екіленіп,
Шақырды ол мені ауылдың оты болып.
Таусылып түгердей-ақ жан шыдамым,
Атымды астымдағы қамшыладым,
...Жаратқан, келсем жетіп алқып ұшып:
Ойран жұрт, өшкен ошақ, жалқы күшік.
Жаураған, жадау тартқан, жолығуға,
Отырған сөнген оттың орынында,
Мен өлеңді көрдім...





Пікір жазу