23.05.2022
  137


Автор: Мұрат Шаймаран

Сен мені шақырма биіңе...

Бір сарын ілескен күйіме,
Көңілдің айнасы – тасталқан!
Сен мені шақырма биіңе,
Бəрібір бас тартам.
Сиқыр нұр тұр кілкіп көзіңде,
Сен – жылан, мен торғай секілді.
Арбалғам аңғалдау кезімде,
Кеудеңе басқанмын бетімді.
Билегем дөңгелеп, шалқығам,
Қыса бір құшақтап беліңнен.
... Маңайым толған бір жарқын əн –
Сезімі себілген...
Бəрі де алдамшы елес пе,
Өмірдің өзгеріп тұр мəні.
Баяғы сол ритм емес пе,
Бүгінгі музыка ырғағы.
Жамылып жатсам да тораңғы,
Бетбақтың даласын паналап,
Санамнан жуа алмай сол əнді,
Жанымды жаралап –
Қашқынмын, бұл күнде жоқ тыным,
Адамдар есігін ашпаған.
Сеземін құйынның екпінін,
Тауларды жасқаған...
Жүреді қуалап қашанға,
(Жынданып кетермін, сірə, мен.)
Мезгілдер билеген тамсана –
Үрейлі бұл əуен?!
Бір сарын ілескен күйіме,
Көңілдің айнасы – тасталқан.
Сен мені шақырма биіңе,
Бəрібір бас тартам...





Пікір жазу