23.05.2022
  79


Автор: Мұрат Шаймаран

Омарғазы Айтанұлына

Нұр ма едің құлар ұлы күн жақтан,
Кристалдай таза, мың қырлы.
Өзенсің бе əлде күркіреп аққан,
Бұлақсың ба əлде сыңғырлы?!
Шайырдың басқа көзге ілмей бірін,
Ойымды саған жүз бөлем.
Жырсың ба əлде құпия, мұңды,
Кіндігін жерден үзбеген.
Ұлы бір қайғы етегін жимай,
Кеудеңе тынды бар ғалам.
Қазақи қара ұйқасқа симай,
Кеттің бе, соған таң қалам?!
Қамшыдан қалған жаныңда сызат,
Аға, сен түссең есіме.
Кірпігім тала қараймын ұзақ,
Ақ эхрам – аспан төсіне.
Жоқтайды бүгін аңырап іздеп,
Артыңнан ойлы ғасыр кеп.
Қайтарып сені бере ме бізге,
Бауыры суық «тас ілгек»...
Адал да, албырт жастыққа серік,
(Жанарын қаннан аршыған.)
Қолыма менің қонбайды келіп,
Сол шұбар қанат қаршығаң.
Ғазиз жан, менің түсіме кірдің,
Жорысам жұмбақ жолы тым:
...Құлпытасыңды мекендеп жүрді,
Киелі үкің – сары үкің...





Пікір жазу