Анама
Əр күніңе таң болып күле кірем,
Гүлің болам, бағыңа мың егілем.
Саған алқа сыйлар ем, қалтам тесік,
Мөп-мөлдір ғып мойныңа жүрек ілем.
Тыныштығын жанымның түнге ұрлатып,
Жыр жазамын, бұл – азап, бұл бір бақыт!
Қиялымның шетінен қиып алып,
Сырға тағып беремін сыңғырлатып.
Олқы соғар бір саған бұ да, сірə,
(Сыйлық күтпес ұлынан кім асыға).
Жүзіңдегі жылдардың дағын анау,
Жуып берем ойымның тұмасына.
Шырқасам деп халқымның аяулы əнін,
Сағат сайын, сəт сайын ояу жаным.
Самайыңның ағына берем жағып,
Қара түннің тұп-тұнық бояуларын.
Сырқатыңның жараса бір еміне,
Сөзім менің, басқаша тілегім не.
Нұры тайған көзіңе сəуле беріп,
Мақтанышпен қаратам жыр еліне!
Одан өзге қолдан жоқ түк келері,
(Байтағынан байлықтың күтпе мені!)
Қазірше мен ел кезген диуанамын,
Адастырған өлеңнің нүктелері...
Тарқамаған бойынан далам шері,
Жұмақ күнге жетелеп барам соны!
Қартайсам да, қайрыла, бір еркелеп,
Алу үшін, жан Апа, табам сені!