23.05.2022
  96


Автор: Мұрат Шаймаран

Сен өлгенсің...

Сен өлгенсің, көзіммен көргем мұны,
Қайғың қалды артыңда жерден де ұлы.
Сен өлгенсің батыста баба таулар,
Өз жұлдызын арулап көмген күні.
Өтті уақыт жалт еткен жасын сынды,
Əр тал шөпке ніл болып жасым сіңді.
Мынау түндер əлемді жаулап тұрған,
Сенің қара мақпалдай шашың сынды.
Сен өлгенсің жалынның шарпуында,
Елірген есер боран тарпуында.
Кеңістікте көлбеген күміс өзен –
Құс жолы емес, сенің ақ балтырыңдай...
Қаралы құс қанатын қағады əрең,
Жанарымнан жас болып ағады əлем.
Кеңістікке кебіндеп қойдық сені,
Шайырлардың жырымен, əуенімен.
Сен өлгенсің, өлісің, нанасың ба,
Тарықпайсың бір тал дəн, қара суға.
Құлпытасы қалқиып тұрды молаң,
Қара жер мен көк аспан арасында.
Сен өлгенсің, айғақтап тұрады аспан,
Құба құмдар, жартастар қына басқан.
Сенің ұлы рухыңдай ұшып шығып,
Бұл өлкеде жүрегім жүр адасқан...





Пікір жазу