23.05.2022
129
Шарап толы көзелер
Шарап болып тұрған тұнып көземде,
Теңіз бе əлде өзен бе?
Көздер ме əлде мөлт-мөлт еткен,
Еріндер ме кезерген?!
Бір тал дəн бе?
Көктеді, ол гүл ашты,
Тамыр тартты, ана – жерге ұласты.
Жетімсіреп аққан бұлақ суы ма,
Запырандай тым ащы?!
Асау қан ба тамырымда жүгірген,
Махаббат па тəңіріне жүгінген?
Нілі ме əлде жапырақтың ең соңғы,
Сабағына ілінген?!
Жел шайқайды жусандардың боз басын,
Жығылды үміт тəй-тəй басып,
Қаз басып...
Мен көземе алдым ба əлде толтырып,
Туған аспан көз жасын?!
«Жыр мен шарап тұрса маған жоқ өлім»,
Хафиз айтса, мен Құдайдай сенемін.
Лашығыма басын сұқса шайырлар,
Ең алдымен шарап құйып беремін.
Қандай сұлу, қандай мұңлы тіршілік,
Мылқауды да жібереді жыршы қып.
...Түсімде ылғи шарап толы көзелер,
Өліп жатам тұншығып...