23.05.2022
  100


Автор: Мұрат Шаймаран

Ли байға

Таңғы ұйқыдан дүлдүл шабыс оятқан,
Таңғы ұйқыңнан бұлбұл дауыс оятқан...
Ұлы жыршы болу үшін шынында,
Туу керек шығар мүмкін Соябтан.
Маған енді ондай салым жоқ мүлде,
(Жүрегімді қанжар осып, оқ тілген.)
Аттанарда бала бауырың елжіреп,
Балқашыңа қарай-қарай кеттің бе?!
Жат өлкеде өлең – серік, əн – көрік,
Жүрдің бе сен сұлуларға əр беріп?
Тас баспалдақ табаныңды талдырып,
Жүрдің бе сен түсіңде ылғи тау көріп?
Қымбат саған тақтан да əрмен ат үсті,
Шарап іштің, уайым іштің, от іштің.
Ақ айдыны қандай сырлы балқаштың,
Туған айы қандай сырлы батыстың!
Кеткендей бір жігеріне бөлеп таң,
Ер болыпсың көкірегінен сел аққан.
Ақындыққа бастап жүрді қаншама,
Бір түйір қан – тамырыңда бөлек қан...


Əр талына кірпігіңнің мұң қамай,
«Шудың жолын» басып өттің сен қалай?
Тұрдың ба екен жағасында мұңайып,
«Сары өзеннен» өткің келіп бері қарай?
Білесің сен қонатын бақ қанша,
(Қапастағы көкжалың да жасқаншақ).
Боз жусанға қонды күзгі қыраулар,
Қонды қырау көз жасыңдай ақ моншақ...





Пікір жазу