23.05.2022
  90


Автор: Мұрат Шаймаран

Сағыныш

... Аппақ еді-ау ол күнде арман – бақыт,
Ақ қаздар қанатымен самғар уақыт.
Он сегіздің, кім білсін, желігі ме,
Құрбы қызды кетуші ек қарға аунатып.
Жасырмаймын сырымды,
іркімеймін,
(Сұлулыққа жігіттің құлқы бейім)
Бізді көрсе сол қыздар қашушы еді-ау,
Қырдан қашқан ор қызыл түлкідейін.
Жауатын-ды онда қар баптап тұрып,
Дала жатар көрсетіп аппақ қылық.
Қашқан қыздар қайырылып тұрар еді,
Жете алмаған біздерге сақ-сақ күліп.
Өжет қылық, өр мінез, таныс үнді,
Естіп талай жаманның сағы сынды.
Қыз күлкісі қанжардай тілгілейтін,
Он сегізде оянған намысымды.
Сабыр деген салмақты құлыпты ашып,
Тентек үміт тізгінін жұлып қашып.
Сосын бар ғой, сосын біз қу қыздарды,
Қарға аунатып кетуші ек қуып басып...
Бойыңдағы желікке мастау сеніп,
Қызыл майдан бір ойын бастаушы едік.
Ыстық-ыстық қойынға аппақ-аппақ
Ұлпа қарды нығарлап тастаушы едік.


Сөгер дейсің кім қызды, кім ақынды,
(Сағындым ғой сол жастық – сұрапылды)
Абайсызда қолымыз тиген төстен,
Бір жылы бу бұрқырап тұратын-ды.
... Боз бала күн,
Бір соғар керемет пе ең,
(Жүрегімді жылытып келем ептеп)
Еске салып сол өткен зарық күнді,
Қар жауып тұр далада ебелектеп...





Пікір жазу