23.05.2022
  263


Автор: Мұрат Шаймаран

Елес

Тереземді қақтың ба түнде келіп,
Қырау болып кеттің бе мүлдем еріп?
Есалаң бір адамдай жүрдің бе əлде,
Өз-өзіңнен күбірлеп бірдемені?!
Мен ояумын,
Ілінбей кірпіктерім,
Жатқан күдік жүзіме бүркіп демін.
Мен өзіңді аядым құстан бетер,
Үркітпедім.
Айдай бейнең басылып құмар көзге,
Қайталайсың күбірлеп
«дұғаңды» өзге.
Мен білмеген тылсым бір дүниеден,
Ала келдің бе туар кезде?!
Аласатқан тұмсығын көкке білей,
Тұрды жүдеп жүрегім көкбөрідей.
Тастай суық төсекте жаттым үнсіз,
«Кел!» деуіме
Əл жетпей «кет» деуіме.
Баратұғын жақындап отқа қарсы,
Бітті бəрі,
Ақынның жоқ шамасы.
Қасиетті дұғаңды бұзды білем,
«Шу-шу еткен ауылдың топ баласы».
Мəңгілікте бір іздеп табам-ау деп,
Сəтке ғана бұл көңіл табады ермек.
Өзің қаққан терезем тұр құлазып,
Аяз келіп қолымен салады өрнек.
Мен ояумын...





Пікір жазу