23.05.2022
  204


Автор: Мұрат Шаймаран

Ақталу

Айығу үшін үрейлі, сүркей түстерден,
Арылу үшін уайымнан мынау ішке енген,
Əлемнің əділетсіздігін сəтке болса да,
Ұмыту үшін ішкем мен.
Ақ өзен болып аққанмын сосын күркіреп,
Ақ дауыл болып соққанмын сосын дүркіреп.
Ішкенмін сосын тозаңнан,
Алуым үшін өзімді-өзім сілкілеп.
Шырқағам таңға Шəмшінің əнін құлаштап,
Шайырдың көңілін шараптан өзге кім ашпақ?!
Жымысқы тірлік алдында,
Ішкенмін тағы, тұруым үшін тым асқақ.
Қырларға сонау ақ нөсер құйса шелектеп,
Көйлегін бұлттың көтеріп өтсе жел ептеп.
Аспанның сұлулығына,
Ішкенмін тағы, мастана қарау керек деп.
Əдемі көздің жарқылы үшін ішкем мен,
Əдемі қыздың балтыры үшін ішкем мен.
Опасыз махаббатымды,
Мəңгілік ұмыт қалдыру үшін ішкем мен.
Ақылдың күшін теңгермен шарап күшіне,
Құтылу үшін марапаттардан ісінген;
Айтылған сөздер үшін де,
Ішкенмін тағы айтылмаған сөздер үшін мен...





Пікір жазу