23.05.2022
102
Саған ұшып барар едім.
Саған ұшып барар едім, жоқ қанат!
Жоқ тағы да байлық, атақ,
Бақ-талап.
Саған берер асыл бұйым жоқ менде,
Бар болғаны –
Жалқы жүрек, от кеуде.
Тағы, тағы салар мұңды əнім бар,
Айта алмай бір кеткен сонау көктемге.
Қиын болар демеп едім сонша хал,
Жырлай-жырлай сезім сөнген,
Шаршаған.
Жапыраққа,
Өскен жасыл аршаға,
Тасқа, суға,
Топыраққа мұң шағам.
Қызыл иттей қызғанышым бар тағы,
«Арс!» ететін жуықтаса кім саған.
Емендеймін дауыл ұрып, жел жыққан,
Елеңдеймін əр ізіме жол жұтқан.
Ақ айдында адасқан бір қайықпын,
Толқын шайқап шағар болды, кел, құтқар!
Басымда бұлт,
жанарымда жаңбыр бар,
Көз жасымнан көктейді көк шалғындар.
Аспаныңды бұлт боп жаулап,
Мен сені,
Нөсер болып төпеп-төпеп алғым бар.
Бірақ, бірақ елемейсің сен мені,
Елемейді қайсар, қатал тағдырлар...