23.05.2022
  100


Автор: Мұрат Шаймаран

Қазақ қызы

Сен елес емессің,
Табыласың өмірден.
Қара көздерің мөлдіреп,
Қолаң шаштарың төгілген.
Алма бетіңде нұр ойнап,
Алмағайып өң берген.
Жусанның иісі бұрқырап,
Тұрады сенің кеудеңнен.
Қиялдап шаршап не етейін,
«Мың бір түніңнің» гүл қызын.
Жүресің ертіп айдай боп,
Аспанның барлық жұлдызын.
Дала қызғалдақтарына,
Қызыға қарап келем мен;
Сен соның рухынан,
Жаралдым десең, сенем мен!
Əн қосып Баян жырына,
Салтыңды тұтып көнерген;
Ғашығым үшін у жұтып,
Өлемін десең, сенем мен!
Майданға шапсам ту алып,
Тағынып жарақ береннен;
Мен мінген тұлпар сауырында,
Кетемін десең, сенем мен!
Жадыңда бір мұң, бір арман,
Жанардан жалын сөнер ме?!
Мынау бір жаңбыр – ақ жаңбыр
Көз жасым десең, сенем мен!


Қиялдап шаршап не етейін,
«Мың бір түннің» гүл қызын.
Жүресің ертіп айдай боп,
Аспанның барлық жұлдызын...





Пікір жазу