23.05.2022
  87


Автор: Мұрат Шаймаран

Іңір келе жатады

Іңір келе жатады...
Мендегі бар ақылдың көзін байлап,
Аласұрды бұл жүрек өзіңді ойлап.
Кешкі сəуле жан-жаққа шашырайды,
Шашыраған бойыңнан сезімдей-ақ.
Мен отырам оңаша жанып іштен,
Сағыныштың шарабын қанып ішкен.
Кешкі шапақ қызарып тұрып алды,
Бетіңдей-ақ ернімнің табы түскен.
Іңір келе жатады...
Мынау жарық əлемді жаулап бірде,
Меңіреу боп бір сəтке қалмақ дүние.
Ақ қайыңның түбіне түн ұялап,
Екеумізді беймаза салмақ күйге.
Көзін ашты жұлдыздар нұрға бөгіп,
Көкірегімді бір тəтті мұңға көміп.
Аймалайды жүзімді бір ыстық леп,
Сенің демің алыстан тұр ма келіп?
Іңір келе жатады...
Ұйқы пыр-пыр ұшады кірпігімнен,
Төзім деген өртенді шырпы бірден.
Өзіңе ұқсап кеудеме түн құлайды,
Сыбырлайды ол маған жыр тілімен...





Пікір жазу