23.05.2022
  82


Автор: Мұрат Шаймаран

Далаңмен қайтқын сырласып

(Қабай Сүлейменұлына)
Тұңғиық ойға жол алып,
Əуре болма, жарқыным.
Тылсым бір сəтке тоналып,
Байызда бүгін, ал тыным!
Аулақта шулы күндерден,
Ат мініп сонау қырға шық.
Жұпарға толып жыр кеудең,
Далаңмен қайтқын сырласып.
Басталар жолың ертеңге,
Жаныңа жалын от берсе.
Баябан туған өлкеңде,
Айқайла даусың жеткенше!
Табылар бейнең бұл маңнан,
(Жай ғана сезім емес бұл).
Шық-тағы биік шыңдарға,
Ойыңды көкпен теңестір.
Дауысы жаулап əр қырды,
Бұлқынып жатыр бұла ағыс.
Бұла ағыс сенің даңқыңды,
Кетеді алып тым алыс.
Лапылдап іштен өртеніп,
Еркіңе қойма қарауыл.


Айтады саған ертегі,
Ертегі сынды бар ауыл.
Жымысқы уайым жеткенде,
Жаныңа сенің бұрау сап.
Беймаза мынау көктемде,
Кеткенің абзал қыр аңсап.
Жеріңнің туған нарқын бақ,
Қазақтың ақын жас ұлы.
Жанарыңда тұрсын жарқылдап,
Қырдағы көктем жасыны.





Пікір жазу