23.05.2022
  128


Автор: Мұрат Шаймаран

Аян

Ұйқылы-ояу мүмкін мен,
Түс те көріп жатырмын:
Кейпін киіп сонау жыл өткен мұңды ақынның –
Ұқсадым ба Науаиға, ұқсадым ба Омарға,
Хафиз болып кеттім бе дала кезіп жоғалған?
– Жалған! – деді, – дүние!
– Жалған! – дедім мен іштей,
– Ішу керек! – дегенде
Қалғаным жоқ келіспей.
– Арман! – деді, – махаббат,
Бас тартпадым мен əсте,
Сұлулыққа сұқтану бізге мандат емес пе.
Көзімізге қан толып,
Ашу тепсе шырайға,
– Айт! – дедіңдер,
Айттым мен өз дəтімді құдайға.
Шырылдаса шегіртке талмай жағы тамызда,
Біз де солай зарладық,
Кешіп жүріп қар-ызғар.
Ақын деген алдымен ақиқатқа қарыздар...
Опасыз ұл кетсе де намысымды пышақтап,
Мен сендерше жыладым туған жерді құшақтап.
...Жүрегімді елітіп,
Еркімді алса жыр асыл,
О, Бабалар, түсімде аян беріп тұрасың.
Өлеңімді құшақтап енер едім жұмаққа,
Ол туралы ештеңе айтпадыңдар бірақ та...





Пікір жазу