23.05.2022
  179


Автор: Әбубәкір Қайран

Жастардың жайсаң әзілі...

Жастардың жайсаң әзілі,
Жарасып күнде жатса бір.
Қарттардың қатпар әжімі,
Жазылып кетер шақта бұл.
Інжудей тісін сәл ашып,
Ізетпен күлсе келіндер –
Кимешек біткен жарасып,
Көрқейер кәрі көңілдер.
Жүзікті қолы жарқ етіп,
Жүрелеп сусын ұсынса.
Қария пейіл көрсетіп,
Тәуба етер баққа осынша.
“Балалар” болып басталар,
Әңгіме-дүкен сөзі ұдай.
Наурызда жауған ақша қар,
Қарттардың қайран көңілі-ай!
Бітпейтін даудан мезі боп,
Бір ызғар түрса іргенде.
Жердегі Тәңір көзі боп,
Не жетсін әкең жүргенге!
Кенеліп шаттық, бақытқа,
Өзінді жүртың білгенде.
Мақтанып осы уақытта,
Не жетсін анаң жүргенге!..





Пікір жазу