Өкпелепсің!
Өкпелепсің...
Өкпенің жоқ қой өтеуі,
Жаздағы жырдың кетіп те қапты кетеуі.
Кеудемді менің кергілеп жатыр жаз бен күз,
Езгілеп жатыр мұң менен шаттық екеуі.
Шаттық та шамшыл –
Шалқалап күлген күн өртең,
Талып та тұрам,
Танып та тұрам таңертең.
Күлкімді менің күміс қырауға теңе сен,
Келіпте кетер,
Еріп те кетер күні ертең.
Қызара бөртсем –
Қыз құшақ дертке қызғаным,
Ұпай жинаймын,
Ұялып тұрып ұжданым.
Әйтпесе, қай-да-а,
Әйенкес әжей – түн кеше,
Жекелеп менен
Жетелеп кеткен қыздарын.
Кешірші мені!.
Керемет сезім – өкпе наз,
Өмірге мынау өкпесін артпай өткен аз.
Сенің де, менің кінәм емес қой,
Білсеңші,
Білдіріп сәнін,
Бүлдіріп бәрін өтсе жаз.
Басым да ісіп,
Шашым да кетті ағарып,
Күтпеймін күзден тозаңнан басқа жаңалық.
Байлауым сондай –
Балдырған талдың көзінен,
Келгенде көктем,
Ақырын еппен тамалық.