23.05.2022
  141


Автор: Әбубәкір Қайран

Сезінгенде сергек бір күйдің лебін...

Сезінгенде сергек бір күйдің лебін,
Келеді ғой керемет би билегің.
Сол секілді жүрегім тыпыршып тұр,
Миым, неге кемпірдей күйбіңдедің?
Жүрек деген жігіттің ая түрін,
Сайып қалсын сәтінде саятынын.
Күйлеме деп айтқаның дұрыс шығар,
Билеме деп айтқаның қай ақылың?
Жүрек, жүйкем барады тебіреніп,
Бір сәулеге қараймын еміреніп.
Жүрегімнің шықпай тұр бір шаттығы,
Мыстансыған миым-ау, сені көріп.
Миым, мұның шының ба, ойының ба?
Тыққан алтын бар шығар қойыныңда?
Жүрегімді жүгендеп тастар болсаң,
Бар обалы бір сенің мойыныңда.





Пікір жазу