23.05.2022
  96


Автор: Әбубәкір Қайран

Абай деп

Қан да бүгін қызынғандай,
Бұзылғандай арман-сең.
Қыжыл мұңды көтеретін,
Қызыл нардай бар ма еңсем?
Сары запыран – сана күйік,
Қалады ұйып кеудемде.
Жас тәніне жара жиып,
Жүргендер көп шерменде.
Заман сұрын зар ғып айтсам,
Қан ғып айтсам егерде.
Жылап тұрып жан мұңайтсам,
Маған залым сенер ме?
Күшік ойдың қыңсылаған,
Тыншын алам демес ем.
Жүрегімді шымшылаған,
Бір аяз тұр ересен.
Қазақ қайтіп ел болады,
Қозғалады қашан бұлт?
Желге ұшуда қолда бары,
Қорланады ашаң жұрт.
Мен кімдерді Күн перзенті,
Шын перзенті санаймын.
Біздің заман “интеллигенті»
Арманы ма еді Абайдың?..
Арманы ме еді, үміті ме еді,
Жігіті ме еді хош көрген.
Әзәзіл сайтан кірісіп еді,
Бірі жоқ бірін дос көрген.
Елдік пен ерлік байқалар әлі,
Шайқалар әлі талай көк.
Кеткенін халқым қайта алар әлі,
“Алла!” деп... Сонсоң “Абай!” деп.





Пікір жазу