23.05.2022
  102


Автор: Әбубәкір Қайран

Ыза

Қаламымды алып қолыма,
Қалшиып қалдым мен лажсыз.
Өлең бұл жүрек соры ма,
Мұңдассыз және сырлассыз?
Еңбек деп мұны мен айтпан,
Еңіреген жанның бұл мұңы.
Көзімді менің қарайтқан,
Әлемнің бейбақ шындығы.
Әсіреқызыл сөзге тән,
Әдірем қалсын өрлігім!
Оңаша отау орнатам,
Жесір мұңдарға мен бүгін.
Жинап беріңдер, жиғыштар,
Жесір мұң, жетім зарды да.
Мұнан да қандай сыйлы іс бар,
Тартуға тұрар алдыма?
Ләззаттың уы мас етіп,
Ләйліген көздер таң да емес
Таптап өткендей нас етік,
Былғаныш... былжыр қалды елес.
Сүйкімді дейді сайқалды,
Сүйегі жұмсақ еркектер.
Сақтайды тірі сайтанды,
Бөкселер, белдер, емшектер.
Пейіл бергіштік бір соры,
“Періште” пенде сорлының–
Түлейге қамап түн соңы,
Көрсетер зауал, қорлығън.
Біреуге беріп арт жағын,
Біреуге беріп без бетін,
Тынымсыз жүріп тапқанын,
Шашқанын неге сезбесін.
Төленген ләззат үйіне,
Төсектің құны іш өртеп.
Келе алмай кербез күйіне,
Күйініш зәрін ішер тек.
Ұмытып бәрін күні ертең,
Басы мен мойны тұтасып,
Шығады тағы бұл еркең,
Бұтына толып, бұқасып.
Жетімнің жасын ол бірақ,
Жеңімен сүртіп тастамас.
Боқ басты дене болбырап,
Тершиді текке қасқабас.
Өзі жоқ және көзі жоқ,
Бар екен мұндай қай елде?
Қол ұшын берер кезі жоқ,
Жетім мен жесір әйелге...
Көлгірсіп күлген көзге тән,
Не керек, әлем, кеңдігің?!
Ойымнан отау орнатам
Жесір анаға мен бүгін,
Жетім балаға мен бүгін!





Пікір жазу