23.05.2022
  106


Автор: Әбубәкір Қайран

Шақырады мені бір оңашалық...

Шақырады мені бір оңашалық,
Соны іздеймін көзімнің сорасы ағып.
Кетсем деймін керемет алыстарға,
Алсам деймін қойнаудан қора салып.
Қоңырайып отырам қоңыр кеште,
Хат та жаза алмаймын көңілдеске.
Қадаламын қап қара түңғиыққа,
Жиі аламын сол шақта өлімді еске.
Мен несіне мұңданам, қамығамын?
Жалау еді кеп-кеше жаным, арым.
О, өкініш!
Мен сүйдім адамдарды,
Сүйдім дағы аузымды қарып алдым.
Сездім бөтен сезімнің оянғанын,
Пәктігіме өзімнің тоя алмадым.
Сүйкімсізбін, ағайын, мен өйткені,
“Кереметсің барлығың!” дей алмадым.
Өлшенбейтін құндары теңгеменен,
Махаббатым маздауда Ерге деген.
Жиіркендім пысықай адамдардан,
Ешкіні апа, текені жезделеген.





Пікір жазу