23.05.2022
  370


Автор: Әбубәкір Қайран

Қасқыр

Болса дағы қаталдықтың, каскөйлікгің бейнесі,
Қасқыр болып ойланамын кейде осы.
Қақпан қауып, сирағымды шорт кесіп,
Жүрсем егер тағдырыммен кектесіп –
Ұлыр едім ұзақ-ұзақ аспанға,
Жалғыз ғана жауыз Аймен беттесіп..
Жек көрсем де Айға қарап айтар едім сырымды,
– Қулық менің түсірді деп құнымды.
Ұрлық жасап көрген жоқ ем,
Тек қана
Ата жолын жалғастырдым бұрынғы.
Адал болдым өз ісіме болаттай,
Қасқыр арын қастерледім,
Атыма кір жолатпай.
Қатал Адам қақпан құрды,
Қулық қылды,
Қуаламай оқ атпай.
Ой-хой, шіркін,
Өз жолы үшін күйіп кеткен бір пенде
бар ма екен мен секідді молақтай?!
Айтсаңшы, Ай,
сен бәріне куәсің ғой,
Куәсің...
Мен өлемін,
Ал сен қайта туасың
Қатал Адам қақпан құра берсе егер,
Менің бейбақ ұрпақтарым туатын –
Қайда ғана жұмсамақ Қасқырлығын, қуатын?!
Әлде біз де қоямыз ба адал асты асауды.
Адамдардан оқимыз ба қулық-сұмдық жасауды?
Онда менің қарыс азу тістерім,
Қор болады-ау қанқұрт жайлап түптерін
Қор болады-ау қасқырлығым,
Қайратым.
Қайда сиып жүрер екен айбатым.
Көріп өлген жолбарыстың уысын,
Бақытты екен менің Көкжал туысым.
Мен – бақытсыз! .
Сен не дейсің жарық Ай?
Халім бітті...Көрінесің...
Көрінесің тарыдай.
Соңғы тілек –
Қасқырларым қасқырлыққа құнықсын,
Ал адамдар қасқырлықты ұмытсын.
Мен де жедім Адам жеген тәтті асты, –
Неге олар меніменен қастасты?
Айт оларға,
Қақпандарын... Қақпандарын әкетсін.
Адамдығын өздеріне бас етсін,
Адалдығыш қасқырларға паш етсін!
...Мен – қасқырмын
Қақпан кескен сирағын,
Қасқыр болып, қасқырлықты сыйладым.
Қасқыр болып ұлып тұрып Адамға,
Осы жырды, осы сырды сыйладым.





Пікір жазу