23.05.2022
  118


Автор: Әбубәкір Қайран

Мен және жер

Мен – Адаммын,
Жерлікпін.
Басқа емеспін.
Мен құлымын мейірлі жақсы елестің.
Жерден ғана өнгенмін,
Жерде өлемін.
Кіндігім бар байланған жерге менің.
Жерде ғана желпінем,
Сайран салам.
Жерден безіп, мен емес Айды аңсаған.
Қара жерден үзілсе қайран табан,
Тікенегін жерімнің қайдан табам?!
Мен – Жерлікпін,
Қаламын мәңгі осында.
Тудым, өсітім, есейдім,
Жанды отым да.
Жанарымда жарық нұр –
Күн сәулесі,
Жасыл шалғын төсеулі жамбасымда!?
Жарық сәуле –
Ол менің бар мұратым.
Жан-тәнімді жасартып,
Қандыратын.
Жарық пенен ауадан тұрған жерді
Қасіретте қалайша қалдырасың.
Мен – Жерлікпін,
Жер менің болашағым.
Жер бетімен жүйткимін,
Жол асамын.
Жаратылған Қара жер бақыт үшін,
Жауыздарға мен қалай тонатамын.
Сөнбес менің Ақ сәулем –
Жарықтарым.
Жарық сүймес жан болсаң,
Алыстағын.
Қара пиғыл ғылымның қажеті жоқ,
Өзі-ақ теріп алады халық дәнін.
Халық – сәби,
Ол мәңгі жерді емеді.
Жерде ғана бакыттың көмбелері,
Ауа, Нан, Су жерде ғой
Жерде болса,
Керек емес зиянды өңгелері.
Мен – Жерлікпін!
Қайталап айта берем.
Айта берем,
Айналып қайта келем.
Галактика –
Шегі жоқ байтақ әлем,
Жермен ғана қосылып айтады өлең!..





Пікір жазу