23.05.2022
  120


Автор: Әбубәкір Қайран

Алматы туралы екі өлең

1. Ана омырау сен едің
Ей, Алматым!
Ей, жалғыз сүйенішім,
Қара үлдарың өзіңді сүйеді шын.
Ана омырау, сен едің,
Аузым тұщып,
Ембеген соң,
Еңіреп күйеді ішім.
Кімге барып жалындым –
Қарным аш! – деп,
Тоқпейілміз тұрғандай алдыға ас
Сұр үйлерің сұрланып қарайтындай,
«Қайдан келдің?
Кет! Жоғал, қаңғыбас!» деп.
Өгей болып өз жері,
өз еліне,
Ұл кім сонда, қоянның көжегі ме?...
Көжек емес ол саған,
Өз балаң ғой,
Тепсең дағы кетпейтін өзегіне.
Ей, Алматым!
Тас бауыр анамысың?
Бір ақырып қалсаңшы балаң үшің.
Өріп жүрген өгейлер өз балаңдай,
Жаттан бала тағы да табамысың?
Тұманыңмен бетінді тұмшалап ап,
Тұра бермей,
Ойланшы бір шамалап!
Жаны сірі жабайы мысықтай боп,
Жанкештілер өзінді жүр сағалап.
Жарлысы көп қазақтың,
Жалаңашы,
Қайда барып сыяды қара басы?
Соны күнде көретін пысықайлар,
Кескініме мүсіркеп қарамашы!
Биліктілер ойланса, мейіріммен,
Сараңсиды қазақка неге үйіңнен?
Жаутандатып қойған соң жатқа кілең
Биліктіден жерідім,
кейідім мен.
“Төзім” деген тұяққа бар ма таға?
Солай, солай!..
Тыңдап ал, Алматы – Ана,
Сен ұқпасаң,
Сең болып бұзыламын,
Қабанбайдай сиынып арғы атама.
2. Бейбақ сұлу
Бір басылып, бір толып көкірегі,
Алматы тұр жасаурап екі көзі.
Әлденені ол бәлкім өтінеді,
Әлденеге ол бәлкім өкінеді.
Жас босанған әйелдей қалжасы жоқ,
Белін буып, бұл кашан бекінеді?..
Қатарласып қайыңы, көк терегі,
Сұлу қала сыланып өскен еді.
Жасып қалды жас сұлу жасы жетпей,
Басып қалды басқалар төс-денені.
Енді қайтіп ес жиыр мұңлық байғүс,
Енді кімдер “сұлу” деп ескереді?
Келімсектер келді атын сабылдырып,
(Келген жоқ қой кетуге халін біліп).
Балпаң басып Батыстан “байлар” келді!
“Қоямын – деп – мен сені малындырып”.
Келіпті енді Шығыстың “шонжарлары”
Жүргізуде саудасын қағындырып.
Кеше менен бүгінді салғастырып,
Қарап тұрсаң, бұл өмір тұрмас күліп.
Алматыдай аруды саудаға сап,
Пысықтар жүр шаруасын жымдастырып...
Аруынан шын сүйген айырылған
Теріс қарап жылап тұр бір жас жігіт.





Пікір жазу