Құмалақ
О! Ауылда көп бақсы, құмалақшы,
Кей “коммунист” отырып Құран ашты.
Мұңын айтып біреулер жыламақшы,
Жоғын айтып біреулер сұрамақшы.
Анттары ауып кеткен бе былай елдің –
Үйін үптеп кетіпті бір әйелдің.
Жалғыз атын ұрлатқан бір пұшайман,
“Келіп отыр, – деп салды, – шын-ақ өлгім!”
Алдырыпты біреуі қыс киімін,
Бір шал отыр баса алмай іш күйігін.
Қолды ғыпты мына әйел жайып қойған,
Көйлек, шалбар... өзінің іш киімін.
Көп, әйтеуір, ұрланған, тоналған да,
Тәубе дейсің мұндайда жоғалғанға.
Милициясы ауылдың маңып кеткен,
Ұры шығып жатады олардан да.
Заң дегеннің болған соң құр атағы,
Қайсы ұрыны дәл көздеп құлатады?
Жүрт сондықтан “үмітсіз-шайтан” десіп,
Құмалақпен көңілді “жұбатады”.
Құмалакшы көбейді бақтарына,
Сенбесе де сенеді ақпарына.
“Пәлен жерде сиырың байлаулы тұр”,
– Деген сынды мәз болар айтқанына.
Кейде тұрып: “Ұрлаған көршің”, – дейді,
“Тез мойындап, алғанын берсін”,– дейді.
Көршісінен көретін куәсі жоқ,
Әлгі байғұс лай судай көлкілдейді.
Құмалақ шын кіріпті өмірге ендеп
Ізшілер мен тергеуші орын бермек.
Құдай неге имейді бұл қазаққа
Құмалақпен отырған көңіл демдеп!?