23.05.2022
  133


Автор: Әбубәкір Қайран

Әнші мен Танабай

Зыр жүгіріп әм қарындас, әм келін„
Тартып жатыр табақтарын, дәмдерін.
Домбыра алып қара жігіт қаршадай,
Зарлантады Алтынбектің әндерін.
Әнші боздап, зар шығарып еңкілдер,
Жаулығымен көз сүртеді кемпірлер.
“Мынау аға неге жылап отыр?” – деп
Таңданады Ерболдар мен Еркіндер.
Бәрі осында – батыр ағаң, мықты ағаң
Жағаласса, жаулары жоқ жықпаған.
“Қара кемпір”, “Қара шалды» естіп ек,
“Қара бала” деген қайдан шыкқан ән?!
“Жүйкемізді жүн еттің-ау, балам-ай!
Деді бір кез шопан аға Танабай, –
Жұрт аманда жылағанға үйір боп,
Ән саласың алды-артыңа қарамай.
Көрген едік көп әншіні кемеңгер,
Айтушы еді кілең қызық өлеңдер.
Шырқалатын сонау соғыс жылдары
“Көк шолақ” пен “Ағаш аяқ” дегендер”.
Осыны айтып тұрып кетті малшы ағаң,
Түр-өңінде түніліс бар шаршаған.
Әлгі әнге емес, Танекеңнің сөзіне
Қатты ойланып қалды сонда барша адам.





Пікір жазу