22.05.2022
  115


Автор: Әбубәкір Қайран

Біздің қазақ бірбеткей ғой...

Біздің қазақ бірбеткей ғой...
Намысшыл.
Көк дөнені бұрынғыдай әлі ұшқыр.
Қарай қалсаң қазекемнің көзімен,
Жақын болып көрінеді алыс қыр.
Қазағымдай халық көрдің қай ұлы?
Айтатыны: «Қиын боп па, тәйірі!»
Әттең, бірақ өкінеді артынан,
Теңізге ашық шығып кетіп қайығы.
Біздің қазақ ақкөңіл ғой...
Қолы ашық.
Есігіне қойған даңғыл жол ашып.
Отырғаны болмағандай ештеңе,
Күн жарықта үй-мүлігін тонатып.
Қазағындай халық көрдің қай ұлы?
Айтатыны: “Ештеңе етпес, тәйірі!”
Сиқы кетіп, сиыр мініп жүрсе де,
Ширегіне келе алмайды бай ұлы.
Біздің қазақ кінәмшіл ғой...
Өкпеші.
Өкпелеумен өтіп жатыр көп кеші.
Бір жыл бойы сөз болады біреудің
Бір жапырақ еті менен кеспесі.
Қазағымдай халық көрдің қай ұлы?
Айтатыны: “Ден сау болсын, тәйірі!”
Қайран қазақ! Жиылмайтын айылы.
Қайран қазақ! Қайтпайтұғын қайыры..
Әлі де отыр «тәйірі, – деп, – тәйірі»,
Осы-ақ қана бұл халықтың айыбы.





Пікір жазу