22.05.2022
  160


Автор: Әбубәкір Қайран

Алыс ауыл

Алыс ауыл, сен маған тым жақынсың,
Құлазысам – қуатым, мұңдасымсың.
Бұрынғыңды ойласам – мың ғасырсың,
Бүгінгіңді ойласам – құрдасымсың.
Ант ішкендей өзіңде батырым бар,
Хан тіккендей өзіңде шатырым бар.
Алыс ауыл, сен менің қасымдасың,
Бізді бөліп жатқан тек шақырымдар.
Не керемет кеудемді кернеген үн?
Ол– Аңсарым, өзіңе шөлдегенім.
Сері күнім қалды ғой сенде менің,
Пері болып тайраңдап көрмеп едім.
Коз алдымда көлбейсің алыс ауыл,
Сағымданып қырларың сары сауыр.
Ашуы – қыс, ары – қар, жаны – сәуір
Ағалардың сендегі бары тәуір.
Шын асылдар, әрине, тым аз, дара,
Тым аздарға құдайдың күні аз ғана.
Ақсақалың бар еді бір аз ғана,
Сөзін ұстап қалды ма мұңы аз бала?
Алыс ауыл...
Сөз емес алыстығың.
Мың шақырым дегенің – қарыс бүгін!
Қасиеті сенде бар нан үстінің.
Қасіреті сенде бар намыстының.
Сол қасірет жаныма тым батады,
Кейде, кейде қабаққа мұң қатады.
Бишікештің опа емес бір матары,
Байшыкештің дәрі екен кімге атағы!?
Кейде мені керемет арбайды мұң,
Арбалған соң құлаққа сарнайды жын.
Сенің маған мұң ба екен шалғайлығың,
Қайда кеткен, құдай–ау, бар байлыгың!?
Той қызығын ұмытпас тойған ғана,
Қой терісін ірейді сойған ғана.
«Тайраңдама – десеңші – тайраңдама!”
“Ойлан, бала! – десеңші, – Ойлан бала!”.
Алыс ауыл!
Мен – түйір топырағың.
Торқа болып торқаңа косыламын.
Керек болсам – менмін ғой шакырарың,
Терек болсаң – менмің ғой жапырағың...
Алыс ауыл... мен – түйір топырағың...





Пікір жазу