22.05.2022
  147


Автор: Әбубәкір Қайран

Қазақ деген арыстан

Мешеу қоғам...
Мешеу адам...
Мешел бала тағы бар,
Қайтіп қазақ ел болады,
Қандай емші табылар?!
Сүйретілген,
Күйретілген тәні бар,
Кеудесінде шығар-шықпас жаны бар,
Көріп көңілің жабығар...
Тән келеді
Тәлтіректеп.
Ізі із емес, кара қан.
Тұла бойы толған тыртық,
Сау жері жоқ жарадан.
Ыржияды,
Тыржияды
Қарт арыстан – қарт қазақ,
Аш бөрілер алып сокқан...
Талаған.
Ізі із емес, кара қан,
Сүйретіліп,
Сүметіліп,
Сүлде жолға шығышты.
Көкте – қарға,
Күтіп жолда,
Аш бөрілер ұлып тұр.
Нар денелі,
Шал келеді
Жаурап тоңған, жүдеген.
Мола болып туғандары.
Мүрделермен түнеген.
Қан сорғалап білегінен,
Зар сорғалап жүрегінен,
Жаратқаннан жалбарынып
Жарық сәуле тілеген.
Шал келеді...
Жан кешті еді не деген!
Тән келеді,
Жан келеді .
Бет-бейнесі жоғалған.
Шапаннан да,
Атаннан да,
Отаннан да тоналған.
Отты айбарлы,
Көк найзалы
заман қайда?..
Сол арман.
Бір ұран бар кұлағында
Ескі өмірден оралған –
Естіледі
Өр Алтайдан,
Сарыарқадан,
Оралдан.
Ұран еді ұмыт болған,
Жоғалған.
Сағыныпты...
Тән үміті солардан.
Тән келеді –
мыжық мұрын,
Мұжық мыжып тастаған.
Қайда, байғұс,
Қайда далаң,
Қайда калаң,
Астанаң?
Қарайламай,
Қалай қарай бет алдың,
Қайыр күтпей басқадан?
Қайда, байғұс, қара жұртың,
Баспанаң?
Бет-аузынан,
Көрмейді тән –
Көзі зағип соққыдан.
Шыдап, төзген –
Қара көзден
Қап-қара қан атқыған.
Қараниет қансыратты,
Жаншып бақты,
Айғайлатты,
Ойбайлатты
Қазық қойып астынан.
Көзі соқыр...
Шықпайды енді жас бұдан.
Бір есі бар
Бір есі жоқ
Бұл бейшара ғаріп тән –
Күші барда,
Тісі барда
Жолбарыспен алысқан,
Түрі кеткен,
Тірі жеткен
Бұл күнге
Қазақ деген
Азап көрген
Арыстан.
Есіркей көр, жарық таң!..
Есіркей көр, жарық таң!..





Пікір жазу