22.05.2022
  105


Автор: Әбубәкір Қайран

Кейде шырқап, кей кезде баяулаймын...

Кейде шырқап, кей кезде баяулаймын,
Кейде ұйқылы, кей кезде ояудаймын.
«Ақын көп қой, солардан не қалар?» деп,
Қойғым келіп өленді, қоя алмаймын.
“Жаңылман – деп – өлеңнің тігісінен»,
Кей тырнақтың қан ақты көбесінен.
Бәз бір ақын өлеңнің ауылына,
Аяқ емес, келгендей төбесімен.
Өлең үшін қу жанын қинаған-ау,
Бұл да болса өлеңді сыйлағаны-ау.
Терлеп келіп біреулер, жер боп кетті,
Тезектерін тым құрса жинамады-ау!
Мініп алды біреуі күш-күреңін,
Іліп алды біреуі тұс-кілемін.
Өріп жүрген өлермен “өлең” көрсем,
Тіксінемін, немесе түшкіремін.
Дей алмаймын – олардан көп көргенім,
Көріп алсам, барлығын көксер ме едім?
Демеді ғой біреуі Абайдай боп –
«Дөп сермесем қолымды, өстер ме едім!»





Пікір жазу