22.05.2022
  98


Автор: Әбубәкір Қайран

Балалық

Сен баланы бала екен деп ойлама,
Сен оларсыз тойыңды да тойлама,
Батпырауық ұшыратын балалар,
Бай болады бақытқа да, ойға да.
Қабағына қарап өскен қарттардың,
Бала болдық мына біздер бап-балғын.
Түйе ойнаса боран болар деп білдік,
Танушы едік тұяғынан аттардың.
Алты жаста ат үстінде ойнадык,
Кетуші едік түйе бағып, қой бағып.
Қазір киял жетпейтүғын жерлерге,
Жетуші едік жеті минут ойланып.
Ой-хой, шіркін, балалық шақ, бал дәурен,
Жүруші едік құс боп ұшып самғаумен.
Бала болып көрді ме екен бір кезде
Өмір бойы өткен жандар алдаумен.
Рас. Рас. Біздер талай алдандық,
Алдандық та армандарды қармандық.
Ойлап тұрсам осы күні,
Бір жерге,
Симайды екен балалық пен жалғандық.
Ұмытпаспын шалғышардың жүздерін,
Ұмытпаспын тырналардың тізбегін.
Ұмытпаспын “ұлым” деген шалдардың,
Әрі бала, әрі дана түрлерін.
Мен ұмытсам соның бәрін ада ғып,
Тас мүсіндей отырар ем сазарып.
Арды берген, арман берген біздерге
Сол баяғы балалық қой, балалық.





Пікір жазу