22.05.2022
  134


Автор: Әбубәкір Қайран

Аққа толған қазандар құтқа толып....

Наурыз келді!
Барлығы жасарады,
Наурыз тойын жатыр жұрт жасағалы.
Келсап ұстап келіншек зыр жүгірсін,
Ақыл айтсын бәйбіше қасабалы.
Алпыс төлдің анасы шашу шашып,
Аластасын пәледен босағаны.
Наурыз келді!
Барлығы құлпырады,
Құрсақтағы құлыншақ бұлқынады.
Былтыр туған бір тентек тұсау кесіп
Күлімсіреп Ақ әже – Күн тұрады.
Аққа толған қазандар құтқа толып,
Кісінейді аспанның жылқылары.
Ұлыс келді!
Ұлыспен тыныс келді,
Ақ боз үйдің уығы күмістелді.
Торғай біткен топырлап шұқынып жүр.
Бітіре алмай жатқандай бір істерді.
Бір қария қасына ап немересін,
Бұлақ көзін ашқанды дүрыс көрді.
Ұлыс келді!
Ұлы Жер бір түледі,
Тәңір нұры аспаннан сіркіреді.
Бір көк өрім жаудырап шыға келді,
Топырақты бір тамшы түртіп еді...
Осы наурыз құт болып келген шығар,
Құдай қосса, халқым бір сілкінеді!





Пікір жазу