22.05.2022
  101


Автор: Әбубәкір Қайран

Арды ойламас адамға аласа аспан...

Арды ойламас адамға аласа аспан,
Мұңаймайтын жандардың санасы ақпан.
Өмір сырын соларға ұқтырсам деп,
Бір құйын жүр ішімде аласатқан.
Атып жатыр ататын тандар күліп,
Күн шығады өмірді жандандырып.
Жасытады біреуді жалған дүние,
Тасытады біреуді паңдандырып.
Тез ұмытып пенделер сәби күнін,
Арқалайды азды – көп фәни жүгін.
Біреулердің кеудесін жыр кернейді,
Біреулердің кеудесін қариды мұң.
Ойлай – ойлай от болып жанды-ау денем,
Адами жыр адамға арнауменен.
Ғажап екен қыран боп самғау деген,
Азап екен адам боп қалмау деген.
Мүмкін осы жалғанның зандылығы,
Мүмкін осы жалғанның зарлы мұңы.
Ар секілді ақ таңның атқан кезі,
Қан секілді күндердің алқызылы.
Қайшылығы неткен көп тіршіліктің,
Ақ-карадан өмірдің ғұрпын ұқтым.
Жер бетіне тесіліп көп қараған,
Ай бетіне қалғандай іркіліп мұң.
Түгін айтпай қор болам айтарымның,
Жетегіне ілесем қайсы ағынның?..
Амандығы халқымның арман маған,
Мәртебесін тілеймін байтағымның.





Пікір жазу