Поэмалар ✍️
ҚАЗАҚ ЫРЫМ ЕТЕДІ ...
(Поэма)
Қазақ ырым етеді,
Ырымы қырын кетеді.
Осылай деу дұрыс па халқымызға,
Тарих шындық жатқанда артымызда.
Мұрындықтап бабаның мұра сөзін,
Нахақ таққым келмейді нарқымызға.
Философ ел, философ халық бабам,
Назар салып бəрін де парықтаған.
Қасиетін сезген соң қара таудың,
Құшағында жүруден жалықпаған.
Ырымдады табынды даласына,
Дарқандығын бағыштап бабасына.
Кəриялар жатады бата беріп,
Таудай бол деп талпынған баласына.
Қызығуға болат деп жиіркенуге,
Өр толқынды өмірдің желкенінде.
Тұтас тірлік тырбыңын тұжырымдап,
Бүгінгі істен сезінді ертеңінде.
Намыс үшін шыдайды ерегеске,
Себебі сол терезе тең емес те.
Білгір бабам ұрпаққа баяғыда-ақ,
«Судың да сұрауы бар» деді емес пе.
Қазақта кем тау асып, тас баспаған,
Қазақта кем жауынан «Қаш-қаштаған».
Қонақ үшін жайылған дастархан бар,
Халық та кем қазақпен астаспаған.
Бақыт дейтін балалы үй базарымен,
Бар өмірге қарайтын назарымен.
Ырым деген ырысы қазағымның,
Рахаты да тоғысқан азабымен.
Бұл тірліктен жүрегім суынбайды,
Маған тек бекер өткен күнім қайғы.
Қасиетін сезген соң қарт бабаның,
Дара басым бəрін де ырымдайды.
Бірер мысал алайын бір басымнан, «Тұниды,–деген елім,–су басынан».
Қазақ деген қалжыңның қазынасы,
Батырлығы байқалған тұлғасынан.
Сəби күнім жалаң бас, жалаң аяқ.
Тақымымда талдан ат, қолда таяқ
Жүргенмін, бір сауысқан ат ағашқа
Қонып алып шықылықтады үйге таяп.
Дереу келіп жеткіздім шешемізге,
Қайта шығып қарадық екеуіміз де. «Үркітпе, келеді екен үйге қонақ»
Деп оны ырымдады шешеміз де.
Қонақ келді сол күні расында,
Бала күнім шаттанбай тұарсың ба.
Сəби санам сол шақта секем алды,
Қасиет бар деп баба мұрасында.
Тірлік шамын тамызған əр үй кеші,
Ырымда бар елімнің тəжірибесі.
Мұнар күннің мықтысы не көрмеді,
Бəрін-дағы білгізген тарих осы.
Арманымен тоғысқан ата салтым,
Салтыменен бағалы менің нарқым.
Мезгілсізден ит ұлып жатса-дағы,
Өз басына көрінсін дейді халқым.
Мен мұндалап тұрғандай мұңым-қайғым,
Қас-қабағым тартса да ырымдаймын.
Қасиетін бабаның сезе алған,
Тірлігіме тулаған жырым айбын
Сəбиді ел далаға жатқызбайды,
Жұмыртқасын құстардың шаққызбайды,
Қасиетті, киелі деп аялап,
Аңшысына аққуды атқызбайды.
Ырымдайды жылқыны басқа ұрмайды,
Жолаушыға күн кесіп тапсырмайды.
Аруақтың киесі атады деп,
Зиратты да албаты бастырмайды.
Ата мұра ұрпаққа айдан анық,
Тарихтан тұратын майдан алып.
Ырым менен əдепті ұштастырған, «Жаман болат» дегеннен пайдаланып.
Философ ел, философ халық бабам,
Назар салып бəрін де парықтаған.
Қасиетін сезген соң қара таудың,
Құшағында жүруден жалықпаған.
Көре алмастар күндейді күні кеткен,
Бабасыздың бола алмас үні өктем.
Қайшылықтың қазығын қатар қағып,
Жұмбағы көп жылдар-ай жылжып өткен.