22.05.2022
  123


Автор: Серік Әбіл

ЖЕР ҮНІ

(Поэма)
Ау, ұрпақтарым!
Араны кеткен,
Алмаңдар енді даланы беттен.
Азырақ кеңес айтайын саған,
Жаныма батқан жаралы кекпен.
Төсіме соғып сайғақты қорған,
Бабаларың да қайратты болған.
Ал бүгін бəрің барасың азып,
Аталар жүрген айбатты жолдан.
Көрмейді келгім дария-көлдер,
Сендерді бір күн ұрттап аққанын.
Ашулы анау момақан белдер, О, менің əлсіз құртшабақтарым.
Қасірет жырын жаза бастайсың,
Ақылдан неге аза бастайсың


Сəбилік шағың өтсе болғаны,
Өз көріңді өзің қаза бастайсың.
Жүрді дəйім басыңда пəле,
Шын миың болса ойланшы қане.
Тірлік бар жердің барындағы,
Өзіңдей жан бар, ұрпақ бар жəне.
Ұғынсаң шындап кеңесті менен,
Көрсетейін бір елесті ерен.
Елемей жəйін жүргеніңменен,
Қалмады қарғыс сен естімеген.
Жүрегімді езді зар мұңы қатты,
Жасы мен қаны сорғалап ақты...
Тоғайда бір күн байтеректі бір,
Жас жігіт кескілеп жатты.
Бар бұтақтарын балталап жарды,
Жұмысы бітті арбаға салды.
Əкесін көрге əкеткен жандай,
Балапан талдар зарланып қалды.
Бұл сенің кеше қорғаның еді,
Орда боп тұрған орманың еді.
Панаңды бұзған парасатың ба?
Бүлдіріп бүгін қорладың енді.
Ұлғайта берсең жүрек жарасын,
Қасырет күнге сен де қаласың.
Бөрене басып өліпті кейін,
Əлгі жігіттің жалғыз баласын.
Нажағай, дауыл қайғырғаным жай,
Аңсағаныңды сай қылғаным-ай.
Мені де кескің келе ме қалай,
Орманда өскен маймылдарым- ай!
Күніне талай істейсің сұмдық,
Бəрін де көріп тек іштей тындық.
Құмырысқаның да тасты басқаны,
Тəңірге аян екені шындық.
Ақша бұлт шөккен асқарларында,
Бұлбұлдар сайрап жас талдарында.
Сақара сазы гүлдерді тербеп,
Бақалар шоршып бастауларында.
Жазира жайлау жайнап бір жатты,
Түс көріп едім өзім де тəтті.
Ылағын ерткен еліктер тобын,
Бір аңшы келіп мылтықпен атты
Қасірет жанға жəне де батты,
Дауысынан сол бір селт етсем қатты,
Көптеген тірлік қойныма кіріп,
Көк орай белдер көл болып қапты. “Жер сілкінді” деп ел көрді қауіп,
Алдымен сезген аң кеткен ауып.
Көк тоғай деген көкірегімнен,
Сол көлді барып көріңдер тауып.
Басыңа қайғы бұлқынған демім,
Ертеңгі көрің жыртылған жерім.
Ұрпақтарым-ай өздерің үшін,
Оятпаңдаршы ұйқымнан менің.
Кеудемді қанмен кестелегенің,
Тірлікте басқа дес бермегенің.
Соңғы рет айтам қылмысың асты,
Есіңе түссін ескермегенің.
Ақылмен ойды аластасаңдар, “Мен ғана” деп адаспасаңдар.
Ұлы табиғат жаралған жаннан,
Бəріңе жетет, таласпасаңдар.
Тірлікті құртпа бір өзің үшін,
Жер ана білер тағдырдың күшін.


Өзің жасаған заттан басқаның,
Бəрінде сендей жан барын түсін.
Ұранда нең бар дауысың жалған,
Төсімде жүрген бір күнің арман. “Адамға табын, жер, енді “ деп те,
Ұлдарым ба-ау айғайын салған.
Кірсең де, шықсаң есігің менмін,
Ертеңге қалар есімің менмін.
Бір емес ек дүниеде де,
Бөленер мəңгі бесігің менмін.
Бəсеке тірлік жарыста жалған,
Тарихыңды біл алыста қалған.
Кеудемнен менің табасың ертең,
Əкеңнің басын ғарышқа барған.
Менен шын алыс кете алар болсаң,
Тілегеніңе жете алар болсаң,
Тазарып тəнім, түзелер əнім,
Көз көрмес жерге көше алар болсаң.
Алайда ол ой пенделіктерің,
Жетерсің қайта сенделіп тегін.
Əлемде жалғыз əлекке шыдар,
Басқаның бəрін мен көріппедің.
Арманда ұзап арманның соңын,
Атаң да қуған жалғанның жолын.
Біл, бірақ, менен алыстағанда,
Қауырсындай да салмағың жоғын.
Өзенім, тауым, жасыл орманым,
Аяла, білсең, асыл қормалың.
Бұзсаңдар бірге бастарың кетер,
Кеудемде соққан ғасыр қорғанын.
Адамдар аракерісің қанша,
Жүректе жатқан берішің қанша.
Ол-дағы аз күн ермектерің ғой,
Мен үшін болған болысың қанша.
Ойласаң əлі кем екендігін,
Өзіңнің уақыт жемі екендігін.
Біліңдер адам мен ашулансам,
Бəрі де нөлге тең екендігін.
Айтайын тірлік негізін айғағын,
Ойлайсыңдар ма өмір жайларын.
Балықтар кегін басу үшін де,
Халықтар легін теңіз шайғанын.
Арқама сызған сызықтарың-ай,
Қайдағыны ойлар бұзықтарым-ай.
Сыртымды бөліп алғандарыңмен,
Ішім бір-ғой, қызықтарың-ай.
Қылығың қырсық, келемін көніп,
Қалғандай, бірақ, қауіп та төніп.
Бес балаң болып бетіңді бір күн,
Қайтер ең сызып, отырса бөліп.
Атағың, ақшаң, алтының, кенің,
Көзіңе тоймас құйылар сенің.
Таласу менен төгілген терің,
Қоздырып отыр табиғат кегін.
Төсімде тау көп бар талай нар құз,
Ерісе бір су болғанмен қар-мұз.
Сан ұлт боп өзің бөлінгеніңмен,
Санамда менің адамсың жалғыз.
Күн жалғыз шырақ, мен жалғыз тұрақ,
Қалғанын іздер пенделік шуақ.
Ағаш та, аң да, жəндік те, шөп те...
Бəрің де бір жан соны біл, бірақ.


Өзіңше ойың ел екендігін,
Ертең бар болса берекең бүгін.
Мемлекетің де, мекенің-дағы,
Есіңде болсын мен екендігім





Пікір жазу