22.05.2022
  128


Автор: Серік Әбіл

СОҢҒЫ ҰРПАҚ

(Дастан)
Баяғыда бір патшаның жалғыз ұлы болыпты.
Күні туып маңдайынан,
Құрбысының қандайынан,
Кесек келіп үлесі,
Сəтті боп сан күресі,
Иығына бақыт құсы қоныпты.
Мерейі де үстем екен менменсіген талайдан,
Ақылменен жолға сапты асқандарды алайған,
Хан жарлығын асыратын,
Қараларды басынатын,
Берекені қашыратын,
Зұлымдығы сап түзейтін сан ойдан,
Нысабы жоқ, ниеттері қарайған,
Азғындарды түгелімен тазалапты сарайдан.
Көңіліне ұялатып даласының кеңдігін,
Даналардың басын қосып,
Алалардың алдын тосып,
Əр кез терең ойланыпты пенделердің теңдігін.
Берекені сақтаған ел сақтайды деп елдігін.
Жиып алып бар алапты,
Келістіріп жазалапты,
Келекелеп кемсітсе егер кімді кім.
Ақыл
-айла күшіменен,
Тең келетін солдатты,
Басшы етіп
Басқалардан елін жаудан қорғапты.
Бабаларға сыйынбасақ,
Басқа істе қиындасад
Деген жарлық шығарып,
Айлар сайын шыңдалып,
Тіпті, өткен ұлыларға ескерткіш те орнатты.
Іс қылған соң күйініп,
Ерлігіне ел сүйініп,
Тың қадамды халық болып қолдапты,
Айтқанына əкесі де əсте қарсы болмапты.
Бір жылы жаз
Жер таласы соғыста,
Көп төселген төбелеске тым ұста,
Талай- талай шаңды көрген,
Судай аққан қанды көрген,
Майдандарда ажал төнген,
Сан дұшпаны қолында өлген
Қарт батырлар шың салыпты қылышқа.
Бұл ұрысқа бастабында қатыспады тас түлек


Ешқашан да ойламады жаудың күші асты деп,
Бұған себеп болды өзінің анасы,
Аттанғалы жатқан шақта баласы,
Айналайын, түлегім,
Қобалжып тұр жүрегім.
Қатыспай-ақ қал бұл жолы.
Орында, бір тілегімді!
Атқа мінген адуынды ағаларың аз емес,
Саған əлі жолбарыстай жолығады сан егес,
Жаудың күші солардан да аспайды, –
Деп зарлана бастайды.
Есті бала ежелден-ақ ана сөзін бұрған ба?
Ал, қай ана бал бөбегін қияр дейсің құрбанға.
Өмір- өзі жауап беріп жатады əр кез бұл заңға.
Өмір-өлім ортасында найза-қылыш тоғысқан,
Ханға күнде жиі-жиі хабар келді соғыстан.
Жау құлатып екі алыпты,
Жеңуге сəл бет алыпты.
Өктем екен қимылдары,
Тым өзгеше пиғылдары,
Десе-дағы бұл хабарды балаға ана айтпады.
Өліспесе беріспейтін,
Елге тірі келіспейтін
Сарбаздар да əлі артқа қайтпады.
Ақырында қарсы жақтың күші шындап асыпты,
Елірген жау ентелеп кеп елдің шетін басыпты.
Бұрын- соңды көрілмеген,
Тентектікпен тебіндеген,
Мына жайдан хан да қатты сасыпты.
Осы кезде көп ойланып ұлын алып есіне,
Ұзақ қарап туған жердің тұман тұнған кешіне,
Ханымына бұйрықпенен тіл қатыпты тесіле.
– Ал, ұлыңа өзің барып айт шындықты жасырмай,
Ат тұяғы келді міне іргеге де тасырлай.
Мынау жайын бұқараның берекесін қашырмай,
Əлі келсе жауын бассын,
Енді ыстығын асырмай.
Қорғанбасақ, қорқынышты қауіп шындап төнеді,
Дей көрмегей бұл қорлыққа енді ұлың көнеді.
Сəл кешіксең қапияда,
Қолды болып жат ұяға,
Өкініште өледі! ..
Қолдай гөр деп аруағы арыда өткен бабасының,
Ақыры ана амалсыздан келді алдына баласының.
Жасырмастан айтты шынын қан бояған даласының,
– Айналайын, қарашығым,
Қателесті жан ашырың,
Кешір, ұлым, кешір мені,
Қор болды елдің есілдері.
Жаудың сонша есіргені,
Сансыз бастың кесілгені...
Кегі кетіп дұшпанына,
Əкең-дағы аһ ұрады.
Қылышыңды ұста мына,
Қанды майдан шақырады.
Ақ батасын анасының алып ұлы аттанды,
Бұл кезде жау ел шетіне ойран салып жатқан-ды.
Ақыл- айла тең келген соң,
Оны күші меңгерген соң,
Жау жеңілді,
Туған елі батыр ұлмен мақтанды.
* * *
Бұл оқиға айтқанымда менің сəби бауырыма ой салды.
Аға, егер батыр бала алмай баста анасының тілегін,
Деп ойланып жұмыр басқа қашандағы бір өлім.
Өзім барып түремін деп жаудың қара түнегін,
Жүріп кетсе қайтер еді,
Сыбанып сом білегін.
Шіркін онда елі-дағы күйзелуді көрмес ед,
Сансыздаған сарбаздар да басы кетіп өлмес ед.
Жалғыз өзі əуел баста жеңіп тастап барлығын,
Қайтер еді-деп інім,
Жайды жүрек жарлығын.


Жоқ, құлыным, қателестің,
Кесіміңді қате кестің,
Анасының ақ батасын алмаған,
Үлкен істе үлкенге сөз салмаған.
Ұрпақ əр кез оңбаған.
Ал, мен айтсам,
Əуелде
-ақ ана тілін алмаса,
Жау жағадан алғанда, бөрі етектен жармасса,
Бəрі
-дағы болар еді қан жоса.
Онда нағыз көргелекті көрер ед,
Атасы да, анасы да өлер ед,
Хан тағы да құлар ед,
Бəрі
-дағы сөнер ед,
Бəрі
-дағы құрыр ед,
Себебі, сол – ана деген құдырет.
***
Ұрыс бітті.
Ер жүрегі- ел тілегі екендігі шешілді.
Еркелетті ел батыр туған есілді.
Азамат деп аянбайтын,
Батырлығын баяндайтын.
Əңгімелер əр тарапқа тарап жатты не түрлі.
Болғанымен кей адамның елден ерек бағы бар,
Кезі
-дағы келеді екен тағдырына табынар.
Я,
я, шын батырдың асқан бағын көз көрді,
Бірақ, ұлы соғыстан соң бұрынғыдан өзгерді.
Бұған себеп - хан орданың сыртында
Сұлулық бар ұрқында,
Сымбатты мен сылқымға,
Гүлдей толған бауыры
Жəне де бір текті атаның тұрады екен ауылы.
Манағы жау əуелден- ақ ел шетіне кіргенде,
Тарпа бас сап бірдемде,
Алдыменен соларды шайқалтыпты дауылы.
Қоршап алып жан
-жақты,
Кез
-келгенін жалмапты.
Ақырында бірде
-бір тірі пенде қалмапты.
Тараған ба бұл тірліктің мағынасыз масылы,
Жұмбақ болып жатады жасығы мен асылы.
Тек сол үшін өлуге,
Бойда барды беруге,
Əр таң сайын көруге,
Ынтықтырар асығы,
Тұрады екен сол ауылда
Жас батырдың ғашығы.
Өкінішсіз өмір əр кез болған ба?
Зор шығады зордан да.
Қор шығады қордан да ;
Жеттім деме арманға.
***
Соғыстан соң атақ
-даңқы артқанына ұлының
Хан əкесі мастанып,
Құс жастығын жастанып:
Жасып жүрсің деді неге жасқанып,
Бар бақытың тұрғанда енді басталып,
Айналайын, қуанышым, құлыным,
Құдыреттім, бой тұмарым, тұнығым.
Тал бесікте жатқаныңда,
Бар шыныммен ақтарыла: «Бір өзіңе тапсырамын, құдайым,
Тек осының амандығын сұрайым,
Жалғызым ғой» - дегенінде жан анаң,
Қатты зекіп ұрсып тұрып мен оған, «Нағыз қыран қыста басып жұмыртқа,
Бір балапан ұшырарын ұмытпа».
Ал, ендеше менің тұңғыш түлегім
Ешкім
-дағы селт еткізбес жүрегін,
Жауына есе бермейтұғын,
Олжасыз боп келмейтұғын,


Орындалды ол тілегім. «Жалғыз» деген сөзді екінші естіртпе,
Ерегесте мыңға төтеп беретінін білемін, –
Деген едім,– тірегім.
Міне бүгін естіді елің қанатыңның суылын,
Мына қара шаңырағың – қасиетті тұғырың.
Мейлі қайда сілтесең де жетіп жатыр құрығың,
Қара көзді, ақ тамақты арулардың бұрымын,
Сипайтұғын кезің келді, құлыным!
Кешір, əке, кешір, əке,
Сан соғыста болсам
-дағы салымды.
Сан айтсам да түсінбепсің халымды.
Арғымағым келгенімен арынды.
Жауым менен болып шықты қарымды.
Кетті өшіріп кеудемдегі жалынды.
Қорғасам да елім мен жерімді,
Қорғай алмай қалмадым ба жарымды,
Сондықтан да еркеңді енді есептеме алымды.
Кешір, əке, кешір, əке,
Тым құрыса қорғайын пəк арымды,
Жігерленіп жиып бойда барымды.
Ғашығыммен сөз байласқан кезімде,
Бар бақытым деген едім өзіңде.
Сертте тұрып кенелмесек сенімге,
Қасиет те қалмас сырлы сезімде.
Шындық шыңы болмаса егер сөзімде,
Бұдан ары былығармын өзім де...
Ерік бердім төзімге.
Кешір, əке!
Кешір, əке!
Үздірдім ғой гүлімді.
Ауырлатпа жүгімді.
Жазғырмағын ұлыңды,
Алмады деп тілімді.
Ертеңгінің сабағы,
Сəтсіздіктер бүгінгі.
Кешір, əке,
Жұмысым бар кетейін...
Өзіңнен де жалғыз едім, «Жалғыз» болып өтейін.
***
Ұлы кетті,
Сол орында хан қиялға бойлады.
Көзі жетті,
Мақсатына жетпесіне ойдағы. «Нағыз қыран бір балапан ұшырады» дегенмен,
Ал, қыранның қыраны,
Өзіменен құриды
Екен ғой деп ойлады.





Пікір жазу